Термин – тілдің тағдырлы мәселесі

Опубликовано: 06.01.2019

Өзінің саяси сипаты мен қоғамдық құрылысы жағынан бұрынғы өткендердің бірде-біріне ұқсай қоймайтын қазіргі тәуелсіз Қазақстан қоғамның барлық саласына игі әсер етіп отыр. Жаңа қоғам осыдан 20 жыл бұрын мемлекет құраушы қазақтың тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне де ықпал етіп, тілдің тағдырлы мәселесі - терминология саласының алдына зор міндеттер қойып келеді.  

Бүгін нарық қоғамдық өмірге етене еніп алды. Бұрын ести қоймаған, әуелі кезде құлаққа жаға да бермеген терминдер мен сөздерді ести бастадық. Бұл заңды.  Қазір бұған үйрендік. Сондай-ақ қоғамымыздың жаңа саяси сипатына сәйкес «саяси жүйе», «саяси режим», «саяси билік», «саясат субъектілері», т.т терминдер күнделікті қолданысқа алынды. Бұрынғы кеңестік қыспақтан босаған, ашық қоғам құруды мақсат етіп отырған елімізге жаһандану үдерісі де жаңа ұғымдар алып келіп жатыр. Мұның бәрі - тілдің тірі организм екенін көрсететін факторлар. Байлығы, мазмұндылығы жағынан еш тілден кем де артықта емес қазақ тілінің бүгінгі күні елеулі түрде баи түскені тіл мамандарына ғана емес, қарапайым халыққа да белгілі.

Қазақ лингвистикасында термин жасаудың толып жатқан жолдары бар. Соның бірі - халықаралық қолданыстағы терминдерді өз тілімізге ендіру. Алайда осы тұста ескертетін бір қағида бар. Қазақ терминологиясының негізін салған, ғұлама ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтардың халықаралық терминдер қазақ тіліне аударылғанда аударма түп мағынасын дәл бермесе, онда терминді сол күйінде алу туралы қатаң ескерткен болатын. Біз бұл өсиеттерді жиі естен шығарамыз. Мәселенің байыбына бармай, аударуға құмарлық басым. Бір мысал.

1998 жылғы 2 шiлдеде  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды да, лексикалық қорымызға «сыбайлас жемқорлық» (коррупция) деген сөз тіркесі енді. Бұл қазір бұқаралық ақпарат құралдарынан түспейтін болды. Біздіңше, осы «коррупция» термині қазақ тілінде дұрыс аудармасын тапқан жоқ. Ең негізгісі аударма негізгі ұғымнан алшақтап кетті. Ірі мәселе ұсақталды.

«Коррупцияның» латын сөзінен шыққанын белгілі. Ол лауазым иелерінің, қоғам және саяси қайраткерлердің параға сатылғыштығы деген мағынада санамызда көптен қалыптасқан еді. Ал енді «сыбайлас жемқорлық» сөз тіркесі осы ұғымды толық ашады ма? Коррупционерді сыбайлас жемқорлар тобына жатқыза алсақ, сыбайлас жемқорлардың барлығын коррупционерлер дей аламыз ба? Соңғы терминді ендіре отырып, біз қылмыстың негізгі субъектілерін майдалап жібердік те коррупционермен күрес тиісті нәтиже бермей отыр. Әрине, оның басқа да себептері жеткілікті. «Үлкен заңдық энциклопедиялық сөздікте» (Большом энциклопедическом правовом словаре) «Коррупция (лат. соrruрtіо - подкуп) – сращивание государственных структур со структурами преступного мира в сфере экономики, а также продажность и подкуп политических и общественных деятелей, государственных чиновников» делінген. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 2 - бабында «коррупцияға» мынандай анықтама берілген: «1. Осы Заңда мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады» (1. Под коррупцией в настоящем Законе понимается не предусмотренное законом принятие лично или через посредников имущественных благ и преимуществ лицами, выполняющими государственные функции, а также лицами, приравненными к ним, с использованием своих должностных полномочий и связанных с ними возможностей либо иное использование ими своих полномочий для получения имущественной выгоды, а равно подкуп данных лиц путем противоправного предоставления им физическими и юридическими лицами указанных благ и преимуществ. Статья 2. Основные понятия. О борьбе с коррупцией Закон Республики Казахстан от 2 июля 1998 г.). 

Көріп отырғанымыздай, қазақша сөйлемнің құқықтық және лингвистикалық жағынан шұбалаңқы, түсінікке ауыр екенін былай қойғанда, энциклопедиялық сөздікпен салыстырғанда Заңда сыбайлас жемқорлықтың  субъектілері әлдеқайда әлсіреген. Оны «мемлекеттік міндеттерді атқаратын» дей салған. Бәлкім, Заңды дайындағандар саяси және қоғамдық қайраткерлердің оңайлықпен ұсталмайтынын күн ілгері білген шығар. Сонан соң осы «коррупцияны»  «сыбайлас жемқорлық» деп аударып, ежелден «шектес, жақын, көршілес, қатарлас» деп жақындықты танытатын сөздеріміздің атам заманнан синонимі болып келе жатқан «сыбайласты» жағымсыз мағынадағы құқықтық терминге пайдаландық. Енді қазір бұл сөз жұрттың зәресін алатын ұғымға айналды.

«Коррупция» терминін қазақ тіліне аударғанда оның өзінің негізгі ұғымына сәйкестігі, бір мағыналылығы, халықаралық деңгейде қолданылатындығы ескерілмеді. Осыларды ескергенде коррупция сөзін аударудың тіпті қажеті жоқ еді. Оны сыбайлас жемқорлықпен ауыстырамыз деп  терминнің түп - төркініндегі мағынасын жоғалтып алдық. Қазір кезкелген екі-үш адамның арасындағы түкке тұрмайтын келеңсіз ақшалық қарым-қатынасты коррупцияға жатқыза саламыз. Сөйтіп кейбір бейбақтар шатылып, құқық қорғау орындарына алған ақшасынан зорын беріп құтыла алмай жүр.

Келесі бір мәселе – сөздіктердің терминдік рөл атқаратынын да ескеру керек сияқты. Көптеген әдеби тілде аударылмай қалыптасқан халықаралық терминдерді қазақ тілінде сол күйі пайдалану дұрыс болар еді. Мысалы, Қалдыбай Бектаевтың «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігінде» революция сөзі қазақшаға «революция және төңкеріс» деп аударылған, қайсысын пайдалану керек? Мұндай мысалдар ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Мағынасына келгенде екі сөз екі басқа.  Революция қоғамдағы түбірлі өзгерістерді білдірсе, төңкеріс негізінен биліктің еріксіз ауысуын  да танытады.

Ал енді қазақша баламасы орыс тіліндегі ұғымды дәл, тіпті кейде айқынырақ беретін терминдер де болып жатады. Бірақ көбіне орыс тілділер оның қазақ тіліндегісін тұрақты пайдалана бермейді. Осыған бір мысал келтірейік.

Шетелдерде оқытылғанына ондаған жыл болған, біздің жоғары оқу орындарымызға тәуелсіздік жылдары ғана ене бастаған «Социология» (Әлеуметтану) деген пән бар. Осы атау осы күнге шейін екі тілде қолданылып жүр. 2007 жылы шыққан Ш.К. Қарабаевтың «Әлеуметтану негіздері» деген оқулығында барлық тақырыптық бөлімдерде «Әлеуметтану» сөзін пайдаланады да, ал 3, 7, 10 және 11–інші «Социологиялық ойдың тарихи дамуының негізгі кезеңдері», «Қоғамды біртұтас әлеуметтік жүйе ретінде социологиялық талдау», «Қоғамның рухани өмірінің социологиясы. Мәдениет және қоғам» және «Жеке тұлға социологиясы» атты тақырыптарда «әлеуметтану» терминінен аунап шыға келеді. Әлеуметтану пәнінен сабақ беріп жүрген орыс тілділеу маман-оқытушылардың көбісі әлеуметтану сөзін менсіне бермейді. Бұл арада олардың мемлекеттік тілге деген қатынасы да байқалады. Меніңше, «әлеуметтану» деген сөзден  әсте қашуға болмайды. Бұл термин пәннің мәнін толық ашады.

«Социологияның» түп-төркіні латын тіліндегі soci(еtас) - қоғам деген сөзден шыққаны мәлім. Ал бұл ғылым қоғамнан гөрі соны құрап отырған әлеуметті (халық, ел,  жұрт) зерттейді. Әлеуметтану ғылымының негізін салушы француз Огюст Конттың басты ғылыми жаңалығы қоғамды әлеуметтік құрылым, жүйе ретінде зерттеуінде жатқан жоқ па? Ал «әлеумет» сөзі қазақ тілінде қолданыста ертеден бар. Осыны назарға алсақ, әлеуметтану нағыз өз мағынасына дәл келетін пән. Сол себепті қоғамтану мен әлеуметтанудың арасында ғылыми принципте айырмашылықтар бар екенін ескермеуге болмайды. Мұндай мысалдарды әлі соза беруге болар еді. Оған уақыт тар. 

Түйіндей айтқанда, бүгінгі саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, жалпы қоғамдық өмірдің қарқынды дамуы, мемлекеттік тілдің қалыптасуы тіл кеңістігіне, әсіресе термин саласына күрделі мәселелер әкеліп отыр. Оны пайымды, байсалды, ғылыми шешудің бірден-бір жолы штаттық негізде тұрақты қызмет ететін белгілі бір мемлекеттік орталықтың болуы. Ондай жағдайда термин жасау саласындағы табысымыз бұдан да мол, жұмысымыз  әлдеқайда жемісті болар еді.  Бұған өркениетті елдер тәжірибесі толық дәлел бола алады.

Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы, саяси ғылымдарының докторы, ҚазГЗУ профессоры

 

rss